КІШІ ЖҮЗДЕГІ ХАНДЫҚ БИЛІКТІҢ ЖОЙЫЛУ ҮРДІСІ

  • Мұратбек Нұрбай М. Өтемісов атындағы БҚУ

Аннотация

ХVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың 20-жылдары Ресей империясының Орта Азия хандықтарына деген саясатында өзгерістер байқалды. Бұл кезеңде Ресей империясы қазақ даласында өзінің мемлекеттік-саяси үстемдігін орнатып, түрлі реформаларды енгізумен байланысты еді. Дәстүрлі қазақ қоғамына саяси-құқықтық қағидаттары мен жалпыресейлік жарғылар негізінде өзгерістер енгізу арқылы қазақ хандарының билігіне бақылау жасауға тырысқан Ресей әкімшілігі енді олардың хан сайлау институтына да араласа бастады. Бұл процестердің жүргізілуіне Сібір мен Орынбор әкімшілігі тікелей жауапты әрі ұйымдастырушысы бола алды. Қазақ даласын отарлау мен тікелей басқаруға қол жеткізу мақсатында «хандар институтының» ықпалын түсіруге тырысқан Ресей әкімшілігінің басшылары реформалар мен жарғыларға сүйене отырып, өздеріне тікелей бағытын «басқару элитасын» жасап шығуға тырысты. Сол мақсатта ең алдымен Орынбор губернаторы О.А. Игельстром хандық билікті жоюдың алғашқы реформасын жасады. Кейіннен сәтсіз шыққан реформаға ұзақ уақыт үзілістерден кейін, П.К. Эссен 1823-1824 жылдары дайындалған Жарғы негізінде Кіші жүздегі хандық билікті жойып, оның орнына басқарудың империялық негіздегі жүйесін енгізді. Мақалада, хандық билікті жоюға байланысты қабылданған реформалардың мәні, Ресей патшалығы мен қазақ сұлтандары арасындағы қақтығыстар және Кіші жүздегі хандық биліктің жоюдың заңды негізі болған «Орынбор қырғыздары туралы» жарғының қабылдануына байланысты орын алған саяси жағдайларға талдау жасалынады. Мақаланы жазуда қазақстандық тарихнамадағы осы мәселеге қатысты деректерді тарихи-салыстырмалы талдау, ресейлік ғалымдардың қазақтардың басқару жүйесіне қатысты көзқарастарына сараптама жасалынады.

Опубликован
2022-03-25
Раздел
История