Кілт сөздер: империя, ереже, окр 1867-1868 ЖЖ. «УАҚЫТША ЕРЕЖЕНІҢ» ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘКІМШІЛІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ӨЗГЕРУІНЕ ЫҚПАЛЫ

Кіріспе Ресей империясымен 1867-1868 жж. енгізілген «Уақытша Ереже» Қазақстанды әкімшілік басқару жағынан түбегейлі Ресейге тәуелді еткендігі отандық тарихнамада әлі де өзінің объективті бағасын алмаған тақырыптардың бірі. 1867-1868 жж. «Уақытша Ереженің» енгізілуін зерттеуде қазақ қоғамында орын алған әкімшілік-басқару үрдісі анағұрлым күрделі екендігін байқатты. Қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныстандырылған орыс шаруалары қазақ халқын шұрайлы жерлерінен айырып, оларды жаппай отырықшылыққа көшіру жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын күрт төмендетіп, кедейленуіне себеп болды. Міне, осы Ресей империясынан орыс шаруаларының қазақ жерлеріне қоныстандырылуын заңды тұрғыдан бекіткен де осы 1867-1868 жж. «Уақытша Ереже» болатын. Біздің пікірімізше, бұл тақыырып арнайы зерттеу объекті ретінде жан-жақты талдауға алынуға әбден лайық. Қазақстан республикасы өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін төл тарихын шынайы, объективті тұрғыдан қайта жазу мүмкіндігіне ие болды. 1991 жылға дейін, Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісінде Патшалық Ресейдің қазақ даласында жүргізген отарлау саясаты кеңестік идеология негізінде үстірт зерттелгені тарих беттерінен белгілі. Бүгінгі таңда ХІХ ғасырда Ресей империясы тарапынан қабылданған реформалардың қазақ халқының саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына тигізген кері әсері әлі де өзінің тиісті бағасын алған жоқ. Нысанаға алынып отырған тақырып тарих, әдебиет, мәдениет және жаратылыстану саласы бойынша әлі де күрделі зерттеуді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда 1867-1868 жж. «Уақытша Ереженің» қазақ қоғамындағы әкімшілік басқару жүйесіне отарлау мақсатында енгізілгендігі ғылыми тұрғыдан зерттеу өзекті болып табылады. Себебі, ХІХ ғасырда қабылданған реформалар тәуелсіз Қазақстанның келешектегі жағрапиялық шекарасының белгіленуіне, қазақ тілінің, мәдениеттің, салт-дәстүрдің өзгеріске ұшырауына ықпал етті. Қазақ даласына 1867-1868 жж. енгізілген әкімшілік реформаларды жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдау қазақ жерлерінің Ресей империясының қоластына түбегейлі өтуінің себептерін еш бұрмалаусыз, шынайы тұрғыдан ашуға мүмкіндік береді. Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісін зерттеген ғалымдар Е.Б. Бекмаханов [1] пен С.З. Зимановтың [2] еңбектерінде 1867-1868 жж. «Уақытша Ереже» қоғамның түрлі қайшылықтарын шеше алмағандығы және осы реформа арқылы қазақ даласын отарлау мақсатында Ресей империясы тарапынан әкімшілік билік нығайтылғандығы жазылған. Аталған авторлардың еңбектерінде, қазақ даласы «Уақытша Ереженің» енгізілуінен кейін үш генерал-губеранаторлыққа бөлінген үш әкімшілік басқару жүйеде қайта құрылғандығы ғылыми тұрғыда қарастырылған. Ресей империясының Қазақстанда жүргізген отарлау саясатының барысына шетелдік ғалымдар Дж. Фэйрбэнк [3], П. Клайд және Б. Бирс, С. Тэнг және т.б. [4], Э. Рэйшер [5] өз еңбектерінде әлемнің басқа елдерінде жүргізілген отарлау саясатымен салыстырмалы түрде сараптама жасаған. Аталған авторлар Ресейдің Орталық Азия жерлеріне жасаған жорықтарын ғылыми тұрғыдан талдай отырып, соның ішінде Ресейдің қазақ жерлерін отарлау саясатын ғылыми тұрғыдан қарастырған. Ресей империясы, 1867-1868 жылдардағы реформаны қабылдамас бұрын, қазақ өлкесінде үнемі ғылыми-зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізді. Алғашында Батыс Сібірдің Бас Басқарма Кеңесінің төрағасы «Уақытша Ережені» енгізуде қазақтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын негізге алды. Қазақ даласында жергілікті халықтың және сауданың өсуі 1822 жылы енгізілген М.М. Сперанскийдің «Сібір қырғыздарын басқару» туралы Ереженің ескіргендігін байқатты. Әсіресе, 1860-шы жылдары қазақ даласында біршама дамыған өнеркәсіп саласы Қазақстанның Ресей экономикасына тартылуына себеп болды. Қырық жыл ішінде жедел даму үстінде болған қазақ даласына жаңа әкімшілік басқару ісін енгізуде жергілікті халықтан салық алу мәселесімен қатар, Ресей империясына қазақ даласының табиғи ресурстарын игеру қажет болды. Мақаланың мақсаты – 1867-1868 жж. «Уақытша ереженің» қазақ қоғамындағы әкімшілік басқару жүйесінің өзгеруіне ықпал еткенін шынайы, қазіргі қөзқарас тұрғысынан қарастыру болып табылады. Сонымен қатар, Ресей империясының қазақ даласында жүргізген отарлау саясатының терең енуін жеделдеткен әкімшілік реформалардың саяси-қоғамдық маңыздылығын жаңа көзқарас тұрғыдан саралау.

  • Фарида Адилова КазНПУ им абая
Ключові слова: Кілт сөздер: империя, ереже, округ, болыс, старшын, генерал-губернатор, рулық қоғам, сұлтан.

Анотація

 

Аңдатпа. Мақалада, 1867-1868 жж. реформалардың Қазақстандағы орыс саясатының генезисін, эволюциясын, орны мен рөлін және оның дәстүрлі қазақ қоғамының өзгеруіне ықпалы қарастырылған. Сонымен қатар, мақалада ХІХ ғ. отырықшылыққа бет бұрған қазақ көшпелілерінің территориялық бөлінісінің қалыптасуына негіз болған реформалардың қоғамдық-саяси үдерісі сараланған. Патша әкімшілігінің қазақ жерлерін басқарудың ерекше мемлекеттік-саяси жүйесін құру мақсатында қабылдаған әкімшілік реформалардың нәтижесінде қазақ даласында орыс шенеунігі басқарған мемлекеттік мекемелер салынды. Мақалада, 1867-1868 жж. «Уақытша Ереженің» қабылдануымен қазақ даласына енгізілген жаңа басқару жүйе Ресей империясының қазақ жерін отарлау саясатын күшейте түскендігі қарастырылған. Аталған реформалар Ресейдің боданы болған Қазақстанға көптеген өзгерістер әкелді және Ресей империясы қазақ жерінің табиғи ресурстарын иеленуді көздеді. Мақалада осы тарихи кезеңде еліміздің әкімшілік басқаруында орын алған өзгерістермен қатар, қазақ жеріне қоныс аударған орыс шаруаларының жергілікті қазақ халқының әкімшілік-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген кері әсері сараланған. Соған сәйкес, авторлар мақалада, 1867-1868 жж. «Уақытша Ереженің» енгізілуі қазақ тарихында қоныстандыру кезеңінің басталуына себеп болғандығын қазіргі көзқарас тұрғысынан қорытуды көздейді.

Жарияланды:
2024-06-25