МЕМУАРЛЫҚ ПРОЗАДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛ ТҰЛҒАНЫҢ КӨРКЕМ БЕЙНЕСІ: ОЙ ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ПОРТРЕТТЕР ТИПОЛОГИЯСЫ
Анотація
Зерттеудің мақсаты – қазақ әдебиетіндегі мемуар жанрының ерекшеліктерін айқындау, мемуарлық шығармаларды зерделеу, шығармалардың тілі мен табиғатына тоқталу. Мемуар жанрында жазылған шығармалардың баяндау бірлігін талдау, көркем бірлік тұрғысынан зерделеу.
Бұл мақалада қазақ әдебиетіндегі мемуарлық жанрдың табиғаты туралы сөз қозғалады. Қазақ әдебиетінде мемуарлық жанр ерте дами бастады. Өз алдына бөлек жанр ретінде өзіндік типологиясымен ерекшеленетін бұл жанрдың тарихы өте ертеден, Орхон-Енисей жазбаларынан бастау алған. Мақалада мемуарлық жанрдың формалары мен жазылу түрлеріне қарай талдау жасалады.
Мемуарлық жанрдың түрлеріне естелік, автобиография, естелік мемуар, хат, күнделіктер жатады. Автордың баяндауына қарай мемуарлық жанрдың ерекшеліктерін байқауға болады. Кейбір шығармаларда үзік-үзік естеліктер жазылса, ал кейбіреуінде балалық шағынан бастап автор өзі тоқтаған өмірінің кезеңіне дейін жазады. Өмірінің соңына дейін жазу не жазбауды автор өзі шешеді. Өмірінің белгілі бір кезеңіне дейін жазуды жөн көруі де мүмкін. Мемуарлық шығармалар арқылы біз сол замандағы халық мұраты мен ұлт тағдырын, халық үнін ести аламыз. Тарих жалпылама жазылатын болса, мемуарда біз жеке бір тұлғаның өзіндік ойы мен өзіне аян шындығын білеміз. Мемуар жанры жалаң баяндаудан тұрмайды. Олай болса, оқырманды еліктіре алмас еді. Баяндау шеберлігі, образды жасау тәсілдері, характерді ашатын диалогтар құруы, мінездеме мен портреттерді жазу жолдары ерекше рөл ойнайды.
Мемуарлық шығармалардың ішіндегі М.Мағауин, Ә.Нұршайықов, Қ.Жұмаділов сынды жазушылардың романдарындағы шығармашыл тұлғаның бейнесі талқыланады. Аталған авторлардың өзіндік қолтаңбалары мен жазу стильдері айқындалады. Шығармаларға арқау болған өмір шындығы мен көркемдік ізденістері, автор мен кейіпкер өзара байланысы танылады. Мемуарлық жанр мен тарихи романдардың аражігі айқындалады. Мемуарлық шығармада тарихты берудің, шындықты жеткізудің көркемдік тәсілдері, автордың қалай жүзеге асырғандығы жайлы сөз болады.