СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ-ТАТАР МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСЫ: АҒАРТУШЫЛЫҚ, БАСПАСӨЗ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫҚПАЛДАСТЫҚ
Анотація
Мақалада Семей қаласындағы қазақ-татар мәдени, ағартушылық және экономикалық байланыстарын тарихи тұрғыдан талдауға бағытталған. Зерттеу барысында қазақ даласындағы білім беру жүйесіне татар молдаларының ықпалы, татар көпестерінің Семей қаласының экономикалық дамуына қосқан үлесі, сауда-саттық және өндіріс салаларындағы қызметі сараланды.
Патша үкіметінің отарлық саясаты аясында қазақ-татар байланыстарына жасалған шектеулер мен бақылау шаралары мұрағаттық құжаттар негізінде талданды. Дәлел ретінде татар молдаларының қазақ ағартушылығына ықпалы жөнінде алаңдаушылық білдірген 1877 жылғы генерал-губернатор есебінің жазбасынан үзінді келтірілді. Бұл деректер патша әкімшілігінің татар молдаларының қазақ балаларын оқытуына тосқауыл қоюға бағыттаған әрекеттерін ашып көрсетеді.
Сондай-ақ, мақалада мәдени-ағартушылық және баспасөз салаларында көрініс тапқан қазақ-татар зиялылары арасындағы байланыстардың қалыптасуы мен дамуы нақты мысалдармен көрсетілген. «Шура» журналында жарияланған қазақ зиялыларының есімдері мен «Тәржіман» газеті сияқты татар басылымдарындағы мақалалар ұлттық сананы қалыптастыру мен ағартушылық идеяларын таратуда маңызды рөл атқарған. Қазақ баспасөзінде де татар зиялыларының қызметі туралы мәліметтер жарияланған. Екі тарапта да авторлардың үздіксіз пікір алмасып, шығармашылық байланыс орнатуы, жалпы диалогта болу үрдісі екі халықтың өзара мәдени ықпалдастығының тереңдігін айғақтайды.
Экономикалық салада татар көпестері Семей қаласында сауда және өндіріс салаларын дамытуға ықпал етіп, жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға үлес қосқан. Латиф Мусиннің Ертіс флотын құруы, диірмен өндірісі және алтын кен орындарын игеруі Семей қаласының экономикалық өркендеуіне серпін берген маңызды факторлардың бірі болды. Сонымен қатар, қазақ және татар зиялыларының қайырымдылық ұйымдары білім беру мен әлеуметтік қолдау салаларында өзара ынтымақтастық орнатты.
Зерттеу қорытындысы, қазақ және татар халықтарының өзара үндестігі, тек бірлігі, тіл бірлігі және дін бірлігі сынды сипаттар отарлау саясатына қарсы әрекет қылу барысында олардың ортақ мәдени және рухани құндылықтар негізінде тығыз қарым-қатынаста болғандығын растайды. Бұл зерттеу Семей қаласындағы қазақ-татар байланыстарының әлеуметтік, мәдени және экономикалық қырларын ашып көрсетеді және екі халық арасындағы тарихи ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындайды.