ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТ ТҰЖЫРЫМДАРЫНА ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАС
Анотація
Аңдатпа. Қазіргі зерттеулерде дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылық айтарлықтай артты. Оның себебі жаһандану мен ақпараттандыру жағдайында дәстүр тарихи жадымен байланыстырушы түйінге айналды және ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтауға мүмкіндік береді. Алайда, «дәстүрлі мәдениет» ұғымының өзіне арнайы әдебиеттерде әртүрлі түсіндірмелер беріледі. Демек, «дәстүрлі», «архаикалық», «индустрияға дейінгі», «аграрлық», «шаруа», «жазбаша», «тұрмыстық», «күнделікті», «мамандандырылмаған» (мәдениет) сынды түрлі терминдерде қоланылады. Технологиялардың қарқынды өсуі, қоғамдағы заманауй өзгерістер, инновациялар «дәстүрлі мәдениет» болмысына өзгеріс әкелмей қоймайды. Инновация, модернизация үдерістері, трансформациялану дәстүрлі мәдениет үлгілерінің барлық қырынан көрініс табады. Дәстүрлі мәдениеттің сақталуы мен заманға сай бейімделуіне әртүрлі тұжырымдардың қалыптасуы «дәстүрлі мәдениет» ұғымының қай кезеңде де ғылыми ортада өзекті екенін айғақтайды.
Мақала қазіргі тарихнамадағы дәстүрлі мәдениетті зерттеудің маңыздылығы мен негізгі бағыттарын талдауға арналған. Дәстүрлі мәдениеттің қазіргі зерттеулердегі орны, оның әлеуметтік-мәдени, тарихи және рухани аспектілері қарастырылады. Сонымен қатар, дәстүрлі мәдениетті зерттеудің методологиялық тәсілдері, дереккөздердің түрлері және оларды талдау әдістеріне тоқталады.
Мақаланың негізгі мақсаты – қазіргі зерттеулердегі дәстүрлі мәдениетті зерттеудің өзектілігін көрсету, оның ғылыми танымның маңызды бөлігі екенін дәлелдеу. Сондай-ақ, аталмыш мақалада дәстүрлі мәдениеттің қазіргі қоғамдағы рөлі мен маңызына, ұлттық бірегейлікті сақтаудағы және қазақ халқының рухани мұрасын жаңғыртудағы орнына баса назар аударылды.