ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚ САНЫНЫҢ АРТУЫ МЕН УРБАНИЗАЦИЯНЫҢ СУ ТҰТЫНУҒА ӘСЕРІН МАТЕМАТИКАЛЫҚ МОДЕЛЬДЕУ ӘДІСІ АРҚЫЛЫ ЗЕРТТЕУ
Анотація
Әлем елдеріндегі секілді Қазақстанда да халық санының өсуімен бірге урбанизация процесі қарқынды түрде дамып келеді. Сондықтан, урбанизацияға байланысты артып келе жатқан суға деген сұраныс су ресурстарына қысым түсіреді деп күтілуде. Бұл қысымды және оның ықтимал салдарын жүйелі түрде анықтау және қажетті шараларды қабылдау аса маңызды. Осыған орай, бұл зерттеуде Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының деректері және математикалық модельдеу әдістері пайдаланыла отырып, Қазақстандағы урбанизация мен халық санының артуының су тұтынуына әсері талданды. Зерттеу нәтижелері бойынша, 2024 жылы 20 миллионға жеткен Қазақстан халқының саны 2040 жылға қарай 24 миллионға, ал 2050 жылға қарай 27 миллионға жетеді деп болжануда. Бұл халықтың 70,7%-ы қалаларда өмір сүретінін, ал ауыл халқының 27,5%-ға азаятынын көрсетеді. Зерттеу барысында ірі қалалардағы халық санының өсуі де қарастырылды. Әсіресе 2019–2024 жылдар аралығындағы урбанизация қарқыны – ерекше назар аударарлық жайт. Болашақта су ресурстарының жеткіліксіз болып, суға деген сұранысты қанағаттандыра алмау қаупі бар. Урбанизациямен қатар артатын суға деген сұраныс, су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғаудың маңыздылығын алдыңғы орынға шығарады. Зерттеу аясында урбанизация деңгейінің артуының адамның тәуліктік су тұтыну мөлшеріне ықпалы болжанып, су ресурстарының тапшылығына әкелуі мүмкін ықтимал мәселелер анықталды. Халық санының артуына байланысты адам басына шаққандағы су сұранысы жыл сайын жылдам қарқынмен өсіп келеді. Сонымен қатар, қала халқы санының өсуінің тәуліктік су тұтыну көлеміне әсерін бағалау үшін болашақтағы суға деген сұраныс болжамдары жасалды. Сондықтан бұл зерттеу су ресурстарын тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін маңызды шараларды жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетеді.