LANDSAT СПУТНИКТІК СУРЕТТЕРІ НЕГІЗІНДЕ МАШИНАЛЫҚ ОҚЫТУДЫ ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӨСІМДІКТЕРДІ КАРТОГРАФИЯЛАУ
Анотація
Бұл зерттеудің мақсаты – Landsat 8 спутниктік суреттері негізінде машиналық оқыту әдістерін қолдана отырып, Шығыс Қазақстан облысының өсімдіктерін картаға түсіру тәсілін әзірлеу. Мақалада мәліметтерді алдын ала өңдеу кезеңдері, жіктеудің оңтайлы алгоритмдерін таңдау және өсімдіктердің әртүрлі түрлері үшін олардың тиімділігін бағалау қарастырылады. Деректерді алдын ала өңдеу және жіктеу процесі Google Earth Engine бұлттық платформасында жүзеге асты. Жер бедері туралы ақпаратты қамтитын 17 көмекші қабаттардан басқа, деректерді жинау барысында зерттеу аймағы үшін оқу үлгілері де жасалып, 10 класқа жіктелді: жалпақ жапырақты ағаштар, қылқан жапырақты ағаштар, шөптесін өсімдіктер, бұталар, ашық жерлер, ауылшаруашылық жерлері, сулы-батпақты жерлер, елді мекендер, қар мен мұздар, су объектілері.
Зерттеу барысында векторлық қолдау әдісі (SVM), шешім ағаштары (CART), градиенттік бустинг ағаштары (GTB) және кездейсоқ орман (RF) сияқты әртүрлі машиналық оқыту алгоритмдері қолданылып, салыстырылды. GTB және RF алгоритмдері 92% Жалпы дәлдікпен және 91% Каппа коэффициентімен ең жоғары нәтижелер көрсетті, бұл қашықтықтан зондтау деректерін машиналық оқыту әдістерімен біріктірудің жоғары сапалығын растайды. Зерттеу нәтижелері аймақтағы экожүйелердің жағдайын бақылау, қоршаған ортаны қорғау шараларын жоспарлау, табиғи ресурстар мен төтенше жағдайларды басқару үшін машиналық оқыту әдістерінің әлеуетін көрсетеді.