ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОЛА ДӘУІРІНДЕГІ КЕРАМИКАСЫН 1991-2023 ЖЖ. АРАЛЫҒЫНДА ЗЕРТТЕУ
Анотація
Бұл жұмыс Қазақстанның қола дәуіріндегі керамикаға қатысты әдеби дереккөздерге жартылай жүйелі шолуға арналған. Отандық және шетелдік мамандардың еңбектері сарапталады, ол өз кезегінде зерттеу нысаны ретіндегі керамикаға қатысты көзқарастарды салыстырмалы талдауға және оларды түсіндіруге мүмкіндік береді. Шолу нәтижесінде 1991-2023 жылдар аралығында жарық көрген еңбектер талданды.
Талдау жалпы мәселелер мен үрдістерді анықтауға, сондай-ақ керамика бұйымдарын зерттеуде қол жеткізілген нәтижелерді қорытындылауға жағдай жасайды. Керамика кешенінің мәдени контекстін және маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін радиокөміртекті талдау және саздың химиялық құрамын анықтау сияқты пәнаралық зерттеулердің маңыздылығы атап өтілді.
Қорытындыда, Қазақстанның қола дәуірі керамикасын зерттеудің қазіргі күндегі жетістіктері мен ақтаңдақтары сипатталып, сол дәуірде орын алған мәдени-әлеуметтік үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін болашақ зерттеулердің негізгі бағыттары айқындалды. Осылайша, шолу Қазақстанның қола дәуіріндегі әлеуметтік және мәдени тарихын зерттеуде жаңа көкжиектер ашатын археологиялық материал ретінде керамиканың маңыздылығын нақтылайды, сондай-ақ өңірдегі ежелгі этномәдени бірлестіктер туралы білімді одан әрі байытуға бағытталған болашақ зерттеулерге қажетті ұсыныстарды тұжырымдауға септеседі.