АШЫҚ ОНЛАЙН КУРСТАРДЫҢ ИНФОРМАТИКА МҰҒАЛІМДЕРІН ДАЯРЛАУДАҒЫ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ
Анотація
Болашақ информатика мұғалімдерін даярлау жүйесінде ашық онлайн курстарды қолдану қазіргі білім беру процестерінің тиімділігін арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Мұндай курстардың мүмкіндіктері оқу бағдарламасына инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізуге, оқытудың сапасын көтеруге және студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға ықпал етеді.
Ашық онлайн курстарды болашақ информатика мұғалімдерін даярлау жүйесінде қолданудың тиімділігі мен артықшылықтары туралы зерттеу барысында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің физика-математика факультетінің студенттеріне онлайн сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 115 студент қатысып, олардың пікірлері мен тәжірибелері жинақталды. Студенттер ашық онлайн курстардың білім алуға мүмкіндік беретінін, уақытты тиімді пайдалануға және жаңа ақпараттық технологияларды игеруге ықпал ететінін атап өтті. Онлайн курстарды оқу барысында өз бетімен жұмыс істеу дағдылары дамиды, оқу мотивациясы артады және теория мен практиканың үйлесімі жақсарады деген пікірлер білдірілді. Дегенмен, курстарды пайдалану барысында техникалық қиындықтар мен интернет байланысының төмендігі студенттер үшін маңызды кедергі болып табылатындығы анықталды.