Бопай ханым Қасымқызының тарихтағы бейнесі: деректерді талдау
Анотація
Аңдатпа. Қазақ тарихында қандай оқиға орын алмасын әйелдердің рөлі көріне бермейді. Патриархаттық құрылымда өмір сүрген қазақ қауымында ат жалын тартып тізгін ұстаған жауынгерлердің батырларға айналуы мен қолбасшылардың ерліктері аңыздар мен жыр-дастандарда баяндалып, әйелдер қазан-ошақ пен бала тәрбиесінің айналасында қалып қояды. Хан-сұлтандардан бастап қатардағы жауынгердің тылында отбасының хал-ахуалы әйелдердің қолында болды. Сөйте тұра, отбасында ғана емес, күллі әулетте құрметке ие болып, сөзін өткізе білген қазақ әйелдері аз емес-ті. Біздің мақаламыз осындай сый-құрметтің иесі Бопай ханым Қасымқызына арналып отыр. Зерттеу барысында Бопай ханымның тарихи бейнесі айшықталып, аңыз бен ақиқаттың арасын ажыратуымызға мүмкіндік туды. Оның Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күресіндегі орны айқындалды. Сайып келгенде, Бопайдың елдегі беделі оның бірбетекей ер мінезділігінің арқасында екендігіне көзіміз жетті. Әрине, оның төре тұқымынан шыққан тегі мен «ханым» статусы да рөл ойнады. Мақаланың бір жаңалығы, Бопай ханымның отбасының тағдырынан хабар береді. Оның алты ұлынан тараған немере-шөберелерінің есімдері тұңғыш рет жарияланып отыр.
Кілт сөздер: Төре, сұлтан, ханым, Түркістан, округ, көтеріліс, шежіре.