СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАППАЙ ҰЖЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ «БАЙ МЕН КУЛАКТАРДЫ» ТАП РЕТІНДЕ ЖОЮ (1930–1932 ЖЖ.) ТАРИХЫНАН
Анотація
Мақалада Ақмола және Петропавл округтерінің құрамына кірген аудандардағы жаппай ұжымдастыру және «байлар мен кулактарды» тап ретінде жою науқаны қарастырылған. Авторлар жергілікті мемлекеттік биліктің жоғары органдарының нұсқауларын орындауға бағытталған әрекеттерін Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары, Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Президентінің архивтері қорларында сақталған мұрағаттық құжаттар негізінде талдайды. Мақалада ұжымдастыру мен «байлар мен кулактарды» жоюға қатысты жүзеге асырылған іс-шаралардың мерзімдері мен сипаты, оларды жүзеге асыру әдістері, сондай-ақ жергілікті халықтың билік органдарының әрекеттеріне қатынасы туралы ақпарат берілген. Авторлардың пікірінше, мұндай аймақтық зерттеулер бүкіл ел бойынша ұжымдастыру мен «байлар мен кулактарды» тап ретінде жою науқандарының заңдылықтарын, принциптерін және механизмдерін ашуға мүмкіндік береді.
Авторлардың ойынша, БКП(б) өлкелік, округтік және аудандық партия комитеттері ұжымдастыру барысын бақылау мен басқарудың негізгі органдары болды, бұл ауыл тұрғындарынан саяси, әлеуметтік-экономикалық бағыныштылықты талап етті. Бұл өз кезегінде биліктің репрессиялық саясатында көрініс тапқан әлеуметтік-саяси және экономикалық дағдарысқа әкеліп соқты. Мемлекеттің жаппай ұжымдастыруға бағытталған аграрлық саясаты Солтүстік Қазақстандағы қазақ ауылы, орыс-украин селоларындағы әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесін түпкілікті өзгертті.